Қазақстанда қыздықтан айрылу: Төрт қыздың некеге дейінгі секс туралы оқиғасы


Аударма 2019 жылы 17 қазанда шыққан материал бойынша жасалды

Біз консерватив отбасында тәрбиеленген Қазақстанның түрлі өңірінде тұратын төрт қызбен әңгімелестік. Некеге дейінгі секс олардың психикасы мен өміріне қалай әсер етті? Олар комплекстермен қалай күресті? Қазір құндылықтары қандай? Кейіпкерлеріміз әңгімелеп берді. Сондай-ақ психолог пен гинекологтан алғаш жыныстық қатынасқа моральдық және физикалық тұрғыда дайындық туралы сұрадық.

Кейіпкерлердің аты өзгертілді

Мәтін

Шырақ Байкенова

Аударған

Ақерке Ораз

Суреттер

Айгерим Саттар

Айша, 29 жас

Туған жері: Көкшетау

Алғаш жыныстық қатынасқа 21 жасымда түстім. Белгілі бір дайындық болған жоқ. Мұны қаладым деп те айта алмаймын, жігітімнің алдауына көндім. Ол маған: «Біз бәрібір үйленеміз, қыздығыңды кім үшін сақтайсың?» деді. Ол кезде көңіл қосқанымызға төрт жыл болған еді.

Барлығы жалдамалы пәтерде болды. Еш жерім ауырмады, тек аздап қан шықты. Қатынасқа өз еркіммен түспегендіктен бәрі біткен соң бірден өкіндім. Өзімді ыңғайсыз сезіндім, зорланғандай әсерде болдым. Бұл сезім алғаш жыныстық қатынас жайлы қиялымды бұзды. Мені пайдаланып кеткендей болды, өзімді лас сезіндім. Жігітім маған үйленбей қала ма деген күмән туды. Олай болса, ата-анама не айтарымды білмедім. Сондықтан жігітіме тұрмысқа шығу мен үшін маңызды еді, қоғам мені түсінбейді деп қорықтым.


Мені пайдаланып кеткендей, өзімді лас сезіндім

Алғаш секстен соң жігітім екеуміздің арамыздағы қарым-қатынас нашарлады. Қызғаныштың шегі болмады. Ол маған «Сен енді қыз емессің, кіммен төсектес болып жүргеніңді мен қайдан білемін?» дейтін еді. Содан кейін жарты жыл өтті, оның тарапынан көрсетілген қысымға шыдамадым, айрылыстық.

Бұл оқиғағадан кейін екі жарым жыл бойы күйзелісте жүрдім. Комплекстер, өкпе-реніштер мен стереотиптерді жеңу үшін бірнеше жыл қажет болды. Өзімді дамытумен айналыстым, саяхаттадым, психологтың көмегіне жүгіндім. Өмірімді, құндылықтарды толығымен қайта қарастырдым. Өзімді бірінші орынға қоюды, жақсы көруді, кешіруді және қабылдауды үйрендім. Оның мыңдаған себебі барын түсіндім, оған бір тамшы қан еш әсер етпеуі тиіс.

Бұл өмірдің Қазақстанмен шектеліп қалмайтынын, адамдардың әртүрлі екенін саяхаттап жүріп түсіндім. Дамыған елдер тұрмыс құрмаған қыздардың қыздығын емес, одан әлдеқайда маңызды мәселелерді шешуге талпынады.


Жігітім маған үйленбей қала ма деген күмән туды

Қыздық — бұл, әрине, жақсы. Қыз үшін дене тазалығы маңызды болса, жақсы. Бірақ ата-аналар қыздарды тәрбиелеуде оның жеке қасиеттерін де ескеруі керек. Қыздық қыздың бойындағы басты қасиет емес.

Дегенмен, қыздарды бірінші кезекте өзін сүю, даму, өзін бірінші орынға қою және жеке құндылығын қалыптастыруға тәрбиелесе екен деймін. Қыз тұрмысқа шыққанға дейін жыныстық қатынасқа түссе, оны екінші сорттағы адам деп қарау дұрыс емес. 21 ғасырда адамдар өзге планеталарды зерттеуге тырысады, ал пәктік тақырыбы өзектілігін жоғалтты.

Қыздарға бір айтарым: алғаш жыныстық қатынас сияқты маңызды сәтті шын сүйетін адамыңмен өткізген жөн. Әйтпесе, жүрегіңде өмір бойы сызат қалады.


Қыз тұрмысқа шыққанға дейін жыныстық қатынасқа түссе, оны екінші сорттағы адам деп қарау дұрыс емес

Фариза, 26 жас

Туған жері: Атырау


Мені бүлінген тауар деп қорлай бастады

Алғаш жыныстық қатынасқа бір ай кездескен жігітіммен түстім. Оның әпкесімен жақсы араласқандықтан оған толығымен сендім. Жасым 24-те еді. Оған тұрмысқа шығамын деп ойладым.

Барлығы мен ойлағандай болмады. Денемді бос ұстай алмағандықтан жігітім ашулана бастады. Қатты ауырды, оның үстіне алғаш жыныстық қатынастан соң қан шықпайтын қыздардың санатына жатады екенмін. Осыдан кейін жігітімнің маған деген қарым-қатынасы күрт өзгерді. Мені бүлінген тауар деп қорлай бастады. Одан басқа кіммен секспен айналысып жүргенімді сұрай берді.


Құдайға құлшылық еткенде жан тыныштығын іздеп, тазаруға тырысамын

Одан кейін жыныстық қатынасқа түскенімізде жігітім өте дөрекі болды. Бұл мені еліртудің орнына, қорқытатын еді. Сонымен қатар, қатынас кезінде боқтайды, ал мен көбіне ұрып жібереді ме екен деп қорқып жатамын. Жігітімің комплексі бар екен: үнемі «төсектес болатын» жігіттердің пенисі менікінен үлкен бе деп сұрай беретін еді. Өзі секстен соң жоқ болып кетеді. Аңқау, ақымақ болған екенмін.

Біраз уақыттан кейін күйзеліске түсіп, бөлмемнің есігін жауып, күні бойы жылайтын едім. Мені жай ғана пайдаланып кеткендей жағымсыз сезім болды. Секстен жиіркене бастадым. Бір сәтте өзімді қолға алып, киімімді жинап астанаға кетіп қалдым. Бірақ өз-өзімнен әлі де жиіркенетін едім, сондықтан намаз оқи бастадым. Құдайға құлшылық еткенде жан тыныштығын іздеп, тазаруға тырысамын.

Жыныстық қатынасқа тезірек түскісі келетін қыздарды жақсы түсінемін. Менің кеңесім: асықпаңыз! Егер ағзаңдағы гормондар маза бермесе, фитнеспен айналысыңыз. Асығыс қабылдаған шешімге өмір бойы өкінгенше, сенімді адамды күту керек.

Ұлжан, 31 жас

Туған жері: Шымкент

Бала кезімнен ересектердің «ол қыз емес екен, сондықтан кері апарып тастады», «пәк емес екен, сондықтан күйеуі сабап тастады» деген әңгімелерін еститін едім. Сол себепті тұрмысқа тек «таза» болып шығу керек деген оймен өстім. Бір құрбым некелеспей жатып секспен айналысқан, артынша күйзеліске түсіп, бір айға тауға шығып кетіп қалды.

Заманауи көзқарастағы адам болуға қанша тырыссам да, біздің қоғамда қалыптасқан таптаурындардан аттап кете алмадым. Оның үстіне, мен сөйлескен жігіттер бұл мәселеге аса мән беретін. Менің әлі «қыз» екенімді естігенде, маған қол ұшын тигізбейтін еді.

Жасым 27-ге толғанда қыздығыммен қоштасуға шешім қабылдадым. Бірақ жақсы көрген адамым «пәктігімді бұзбады». Бәлкім өзінің отбасы болғандықтан жауапкершіліктен қорыққан шығар.

Екі жылдан соң бір танысым мені жыныстық қатынасқа күшпен итермеледі, онымен болғым келген жоқ. Алғаш секспен өзім сүйетін адаммен айналысқым келді. Некеге дейін бе, әлде кейін бе маңызды емес. Бірақ бұл өмірде бәрі біз ойлағандай болмайды. Сондықтан мен үшін бұл моральдық және физикалық тұрғыда қиын еді.


Екі жылдан соң бір танысым мені жыныстық қатынасқа күшпен итермеледі

Кейіннен араласып жүрген бір жігіт менен «қызсың ба?» деп сұрады. Оған дейін бір жігітпен қатынасқа түскенімді естігенде, тек «пәк» қызға үйленетінін мәлімдеді. Мен үшін бұл ауыр соққы болды. Қазір бәрін ұмыттым. Ту сыртымнан мені бүлінген, лас деп атайтындар бар. Мұндай әңгімеге назар аудармаймын: лас адамдардың ойы да, сөзі де лас.

Біздің қоғамда қыз қателессе ешкім оны кешірмейді. Егер кешкі сағат 9-дан кейін көшеде жүрсе, автоматты түрде «бұзылған» болып есептеледі. Достарымның арасында «үйленгім келеді, бірақ пәк қыз жоқ» дейтіндер бар. Үйленгенге дейін қыздардың «пәк» болуын талап ету әділетсіз әрі дұрыс емес. Қазіргі қоғамның бұған деген көзқарасы қашан өзгеретіні белгісіз. Қыздықты сақтау немесе сақтамау — әр қыздың таңдауы. Шешімді қыздың өзі қабылдауы тиіс.


Біздің қоғамда қыз қателессе, ешкім оны кешірмейді

Диляра, 25 жас

Туған жері: Теміртау

Мен консерватив отбасыда өстім. Анам кішкентай кезімнен бастап алғаш неке түніне дейін «пәк» болудың маңызын айтып келді. «Жігіттерге мүлдем сенбе. Сені сүйетінін, сенсіз өмір сүре алмайтынын айтып, міндетті түрде үйленетіндеріңді айтып сендірсе де сенбе», — деп көп айтатын еді. Ата-анам дінге жақын болғандықтан бұл көзқарасқа әсер етті деп ойлаймын.

Анам мені достарымның үйінде қонуға немесе лагерьге жібермейтін. «Қызды қырық үйден тыю керек дейді қазақ» деп айтатын еді. Анам мен тәтем қазір «пәк» қыздардың қалмағанын жиі айтатын. Ұлдарына «таза» қыз кездеспейді деп уайымдайтын.

Мен секспен айналысуға асықпадым. Маған дененің тазалығы, сезім, романтика маңызды. Ұйықтар алдында сол сәтті жиі елестетін едім: керемет үйлену тойынан кейін күйеуім екеуміз үйге келіп, алдымен суға түсіп, сергіп аламыз. Майшам, раушан жапырақтары, ақ төсек. Күйеуім менің үстімдегі ақ көйлекті шешіп, сүйе бастайды да екеуміз секспен айналысамыз. Ал таңертең ол төсегімізге таңғы ас әкеледі.


Анам кішкентай кезімнен бастап алғаш неке түніне дейін “пәк” болудың маңызын айтып келді

Уақыт өткен сайын кейбір ойларым өзгере бастады. Қыздық перденің болуы мені еш бағалай алмайтынын түсіндім. Жасым 25-ке толғанда моральдық тұрғыда дайындалып, жігітіммен жыныстық қатынасқа түстім. Жігітіме бірден ашыла алмадым, сондықтан алдымен қасында төрт түн түнедім. Мен мұны қалайтыныма, шынымен дайын екеніме көз жеткізгім келді.

Мұндай шешім қабылдағаныма өкінемін бе? Жоқ. Қатынасқа түспестен бұрын маған үйленемін деп уәде берді ме? Жоқ. Өзімді құрметтеймін бе? Иә. Екі тамшы қанның айналасында түсініспеушіліктің болуын түсінбеймін. Қызыма тұрмыс құрмайынша секспен айналыспа деймін бе? Жоқ. Оған тұлға ретінде дамы, тәуелсіз, рухты бол деймін.


Қыздық перденің болуы мені еш бағалай алмайтынын түсіндім

Дәкен Бексұлтанова

психолог

Ата-аналар балаларымен гормоналды жетілу және жыныстық қатынас туралы ашық сөйлесуі керек. Ата-аналарға арналған шеберлік сабақтарында қазіргі аналар мен әкелер де балаларына негізгі ақпарат бермейтінін анықтадым. Секс тақырыбы бізде әлі тыйым салынған. Бұл атын атауға болмайтын Волан-де-Морт сияқты. Ерте ме, кеш пе балалар бұл тақырыпқа қызығушылық таныта бастайды. Порнография көреді немесе біреуден бұрмаланған ақпарат алады. Баланың ойында жыныстық қатынас — арам, лас, ұят нәрсе деген түсінік қалыптасады.

Ата-аналар өздігінен білім алуы керек, кітап оқып, баламен физикалық өзгерістер, контрацепция әдістері туралы қалай сөйлесуге болатынын білуі тиіс. Адамда жыныстық сауаттың жоғынан алғаш секс асығыс, қорғалмаған болады және денсаулық пен психикада проблемалар тудырады. Егер ата-анаңыз сізге маңызды білім бермеген болса, онда бәрін өзіңіз зерттеуіңіз керек.

Қыздар мынаны білуі тиіс:

Алғаш жыныстық қатынасқа түсуге арналған қолайлы жас жоқ. «О, мен 25-ке толдым, сондықтан уақыт келді» деген нәрсе жоқ. Жаныңызда сенімді адам болуы тиіс. Асықпаңыз, жыныстық қатынасқа түсіп үлгересіз. Алдымен өзіңіз қалайтын адамды таңдау керек. Оның үстіне, әркімнің моральдық және физиологиялық жетілуі әртүрлі.

Гормондар туралы білу керек. Мүмкін сіз әлі толық дайын емес шығарсыз? Бірақ гормоныңыз «ойнауы» мүмкін. Мұндай жағдайда көңіліңізді басқа нәрсеге ауыстырыңыз. Ваннаға су толтырып жатыңыз немесе массаждан рахаттаныңыз.

Қоғамның немесе жігітіңнің қысымына көнбеңіз. Өзіңізді, қалауыңызды түсіну маңызды. Өзіңіз үшін жыныстық қатынасқа деген көзқарасыңызды, сізге қандай серік керегін анықтап алуыңыз қажет. Жыныстық қатынасқа қаншалықты дайын екеніңізді достарыңыз, жігітіңіз немесе ата-анаңыз емес, тек сіз білесіз.

Серігіңмен сенімді қарым-қатынаста болу. Жігітіңіз сыпайы, мұқият болуы керек, ал сіз секс кезінде көңіліңіздегі нәрсені бірден айтуыңыз керек.

Алғаш жыныстық қатынас сіз елестеткендей болмауы мүмкін. Бұл — норма. Ол үшін уақыт және тәжірибе қажет. Алғаш секс әртүрлі: керемет немесе жаман болуы мүмкін.

Бақытты болудың үлгісін қоғам, ата-ана таңып береді

Бақытты болудың үлгісін қоғам, ата-ана таңып береді. Тұрмысқа «пәк» болып шықсаң бірден балалы боласыңдар, сол кезде ғана бақытты боласың. Ал олай болмаса, сен бүлінгенсің. Алайда, әркімнің маңдайына әртүрлі тағдыр жазылған, әркімнің бақытқа таласы бар. Бұрын тұрмыс құрғанға дейін «пәк» болмағаның үшін қоғам тарапынан қудалау болғаны рас. Ол кезде бұл өліммен тең, себебі адам жалғыз өзі күн көре алмайтын еді. Ал қазір қоғам пікіріне қарамай, өзіңді дамытумен айналысуыңа болады. Өзіңізді алдамаңыз, қателесуіңізге мүмкіндік беріңіз. Бұл өмір ғой, ол мінсіз бола алмайды.

Айгүль Ешматова

Darmed орталығының гинеколог-маманы

Бірінші жыныстық қатынас үшін жіті дайындық қажет: екі серіктестің жақсылап ойланып қабылдаған нақты шешімі және контрацептивтер. Қорғалмаған жыныстық қатынастан кейінгі жағдайдың өрбуінің төрт жолы бар:

Ештеңе болмайды;

сіз жүкті боласыз;

сіз инфекция жұқтырасыз;

осы нұсқалардың қосындысы: жүктілік және инфекция.

Адамдардың көбі жыныстық қатынасқа алғаш түскен кезде HPV (адам папиллома вирусы) жұқтырады. Өкінішке қарай, мен акушерлік және гинекология саласында жұмыс істеген кезімде жыныстық қатынасқа презервативсіз түскісі келгендіктен тексерілуге келген жұпты көргенім жоқ. Көбіне жігіт қыздың денсаулығында белгілі бір проблемалар тудыратын инфекцияның таратушысы болуы мүмкін.

Бірінші жыныстық қатынас үшін қолайлы жас жоқ. Басты өлшем — психологиялық және физиологиялық дайындық. Біздің елімізде алғаш жыныстық қатынасқа түсудің орташа жасы — 15-16 жас.

Алғашқы жыныстық қатынас кезінде ауырсыну деңгейі — субъектив құбылыс. Біреу үшін қатты ауырса, ал басқасы үшін алғаш секс жайлы өтуі мүмкін. Ең бастысы — көңіл-күй. Жігіті көңіл бөліп, жеткілікті түрде қозса, қыздардың көбі ауырсынуды сезбейді. Кейбір жағдайларда аздап ауырсыну сезінуі мүмкін. Оргазм да дәл солай. Егер қыз қысылып, босаңси алмай, бұлшық еттерін қатайтып жіберсе ешқандай оргазм ала алмайды. Сондықтан, жыныстық қатынас ауыртпалықсыз және жағымды болуы үшін алдын-ала аймаласу қажет.

Көбіне қыздық перде жай созылып кетеді, сондықтан қан болмауы мүмкін

Алғашқы қарым-қатынас кезінде қыздық перде радиалды түрде жыртылуы мүмкін, сондықтан секстен соң қан шығады. Кейде қыздық перде жай созылып кетеді, сондықтан қан болмауы мүмкін. Бұл — норма. Біздің орталықтың инстаграмына жігіттер «Алғаш жыныстық қатынас кезінде қызда қан болмағанын, алайда қыз өзін «пәкпін» деп айтады, бұлай болуы мүмкін бе?» деп сұрайды. «Бұл — жиі кездесетін, қалыпты құбылыс» деп жауап береміз.

Сондай-ақ қыздар алғаш жыныстық қатынастан соң екінші рет қай кезде секспен айналысуға болатынын сұрайды. Алдымен хал-жағдайыңа қарау керек. Егер алғаш түні ауырсыну сезінсеңіз, толығымен сауығуды күткен дұрыс. Егер сіз де, жігітіңіз де өзін жақсы сезінсе және ең бастысы секспен қайтадан айналысқыңыз келсе, онда денсаулыққа еш қауіп жоқ.


Біздің Instagram-парақшамызға жазылыңыз