«Махаббат стереотиптерге бағынбайды»
14 ақпан — махаббат мейрамы. Құдіретті сезімнен бас тарту табиғаттың заңдылығына қарсы шығумен тең. Ал ғашықтардың жанары маңдайда емес, жүректе екені ақиқат. Қаламыздағы жасы, бойы және діні бойынша айырмашылығы бар жұптармен тілдесіп, олардың ғашықтық оқиғасын жазып алдық.
Мәтін:
Аида Зайнуллиева
Жансая Алиева
Офелия Жакаева
Махаббат жасқа қарамайды
Наталья Ли
2016 жылы Алматыда ең алғаш McDonald’s ашылып жатқанда мен сонда менеджер едім. Бізге Руслан келіп, жұмысқа орналасты.
Ұжымымыз өте ұйымшыл. Сондықтан жұмыстан тыс бос уақытымызды да әріптестерімізбен бірге өткізетін едік. Бірге қыдырып, киноға баруды, серуендеуді әдетке айналдырдық. Сондықтан бірде Руслан мені киноға шақырғанда мен оны әріптес, дос ретінде қабылдап, ортақ танысымызбен баруды ұсындым. Бірақ Русланның «қаласаң онымен де барайық» деп ықылассыз жауап берген кезінде ғана оның маған деген сезімін ұқтым. Жұмыста жиі араласатынымызға қарамастан ортақ нәрселеріміздің көп екенін осы кездесуде білдім.
Енді сөйлесіп жүргенде қай жылғы екенін сұрағанмын. Ол кідірместен 94-пін деді. Араға біраз уақыт салып, бір күні жұмыстағы құжаттарды реттеп жатқанда, Русланның шын мәнінде 1996 жылғы екенін біліп, қатты таңғалдым. Одан үш жас үлкенмін. Кейін ол жасын әзілдеп айтқанын мойындады.
Басында арамыздағы жас айырмашылығын кәдімгідей уайымдап, оның менен кіші екенін айтуға ұялып, екеуміз құрдаспыз деуші едім
Басында арамыздағы жас айырмашылығын кәдімгідей уайымдап, оның менен кіші екенін айтуға ұялып, екеуміз құрдаспыз деуші едім. Үнемі әзілдесіп сөйлесетіндіктен оның шын ниетінің қандай екенін анықтай алмай, басым қатып жүрді. Уақыт өте келе ол әлдеқайда жақсы адам болып шықты.
Руслан — ойын-сауыққа әуес емес, ылғи маған қамқорлық танытады. Маған қарағанда тиянақты, бәрін есіне сақтап, жоспар құрып жүреді. Ол — жүрегі жылуға толы мейірімді жан. Мейірімді болғаны соншалық көлікпен келе жатып, көшеде ит немесе мысық көріп қалса, міндетті түрде тоқтап, оларды тамақтандырады. Машинасында ылғи жем пакеттері бар.
Таныстарымның барлығы ол сенен кіші ме деп қайта-қайта сұрайды. Салыстырмалы түрде екеуміздің жас айырмашылығымыз айтарлықтай үлкен емес қой. Әрине, басында өзім де жұрт не айтады деп жиі ойлайтынмын. Қазір ондай ойлар мені мүлде мазаламайды. Меніңше, адамдар стериотиптерге бағынғандықтан бақытсыз болады.
Руслан Менделеев:
Натальямен танысқан кезде жасым жиырмада болды. Бірінші жұмыс күнімде ол маған келіп, «сен — жұмыста танысқан алғашқы адамымсың» деді. Осы сөзі-ақ алдағы тағдырымызды шешіп бергендей. Оны жаныма жақын көріп, бірге болатынымызды жүрекпен сезгендей болдым.
Біздің жақын араласуымызға себеп болған — дота ойыны. Соны сылтауратып, жиі әңгімелесетінбіз. Бір жылдан кейін, яғни 2017 жылдың мамыр айынан жүре бастадық. 2019-дың тамызында некемізді қидық.
Енді жүре бастаған кезіміз есімде. Үшінші кездесуде біз жұмыстағы түнгі кезекті аяқтап, таңғы 4-терде «Көк төбеге» бардық. Өзімізбен бірге алып шыққан жамылғыға оранып отырып, біраз сыр ақтарысқанбыз. Мен сол сәтте бірінші қадам жасауым керек деп ойладым.
Бір кезде көзім алыста жанып тұрған отқа түсті. Мен оның шам екенін айтып едім, Наталья келіспей, «шам емес, жұлдыз» деп қоймады. Ойланбастан «жарайды, бәстесейік, шам болып шықса мен сені бетіңнен сүйемін» дедім. Жақын барып, оның шам екенін көрдік. Сол кезде ойлаған бірінші қадамымды жасадым.
Консерватив тәрбиені көрген адамдар болғандықтан олар бұл хабарды ұнатқан жоқ. Жасымның кіші болғанынан мені шынымен қабылдай алмаған шығар
Натальяның ата-анасымен танысқан кезде, мен екеуміздің әзірше үйленетін ойымыздың жоқ екенін, жай бірге тұруға шешім қабылдағанымызды айттым. Консерватив тәрбиені көрген адамдар болғандықтан олар бұл хабарды ұнатқан жоқ. Жасымның кіші болғанынан мені шынымен қабылдай алмаған шығар. Бірақ мен Натальяны анаммен таныстырып, бірге тұратынымызды жария еткенде, ол біздің шешімізбен келісіп, ешқандай қарсылық айтпады.
Менің ойымша, көп жағдайда тұрмыстық мәселелелердің кесірінен адамдар ажырасады. Сондықтан үйленбестен бұрын бірге тұрып көруіміз өмірлік шешімдерді қабылдап, жақсырақ түсінісуімізге алып келді.
Мен Натальяны бойындағы барлық қасиеті үшін жақсы көремін. Қандай да бір қырын жеке дара бөліп айта алмаймын. Дегенмен ерекше әзілдері қатты ұнайды. Қалжыңдасып сөйлескен, үнемі позитив болып жүргенді жақсы көремін.
Махаббат бойға қарамайды
Александр Корнилов
Айзада екеуміз СДУ-да журналистика мамандығында бірге білім алдық. Бір-бірімізді сырттай танығанмен, әртүрлі группада оқығандықтан араласпаған едік. Бір күні группаларымыз қосылып, бәріміз сөйлесіп отырғанда, Айзадамен тілдестім. Әңгіме барысында ол өзінің ағылшыннан қиналып жүргенін айтты. Мен «ағылшын сабақтары бар, керек болса, флэшкаңа жазып ал» дедім. Біраз уақыт өткеннен соң Айзада флэшкамен келіп, сабақтарымды жазып беруімді сұрады.
4-5 күннен соң «сен маған ұнайсың» деп оған сезімімді білдіргенде, ол мені менсінбегендей сыңай танытып, біздің бұдан әрі сөйлесе алмайтынымызды айтты. Бірақ оның маған сезімі бар екенін іштей білдім. Лекцияда сабақ тыңдаудың орнына менен екі көзін алмай, сүйсініп қарап отыратын.
Бүгінге дейін Айзаданың жанымда адал жар бола білгені үшін бағалаймын
Араға бір жыл салып екінші курста ара-тұра әлеуметтік желілерде хат алмасып тұрдық. Бірде жатақханада отырғанда одан «саған бірдеңе айтқым келіп тұр, далаға шықшы» деген хабарлама келді. Шыққан кезде Айзада күнделігін беріп, оны оқуымды өтініп, кетіп қалды. Күнделікте әр күні істеген қылықтарымды бақылып, жазып жүріпті. Оны оқып отырып, оның да маған деген сезімінің барына қуандым әрі мұндай батыл қадам жасағанына таңғалдым.
Келесі күннен бастап біз жұп ретінде жүре бастадық. Міне, 30 қаңтарда бірге болғанымызға алты жыл толды. Айзадаға деген махаббатым мен ниетімнің анық болғаны соншалық, жүріп жүрген алғашқы кезден-ақ мен оны жар етіп алатынымды нық сеніммен айттым.
Екінші курсты аяқтаған соң жазда оның отбасымен танысып, үйлену туралы ойымды ата-анасына білдіру үшін Шымкентке бардым. Әкесі «Әуелі оқуды бітіріп алыңдар, кейін көререміз» деді.
Бірақ жүрекке әмір жүрмейді ғой, маусымда Айзаданы алып қашып, некемізді қидық.
Студенттік шақта үй болу ауыр болды. Талай қиын жағдайды бастан кештік. «Времянкада» тұрған кезімізде бір ғана қасық-кеседен тамақ ішіп, жерге төсек салып, ұйықтайтынбыз. Барлық қажетімізді өтеу үшін үш жерде жұмыс істедім. Университетті бітіргеннен кейін бір жыл мемлекеттік қызметте болдым да, кейін өз бизнесімді аштым. Бүгінге дейін Айзаданы жанымда адал жар бола білгені үшін бағалаймын.
Айзада Сейітжан
Өз арамызда Александрды бәріміз Саян дейміз. Ол славян болғандықтан 1-курста білдірген сезіміне жауап бере алмадым. Бір жылдан кейін бәрібір сөйлесіп, ұлтқа қарамастан жанымыздың жақын екенін түсіндік.
Бір күні сабақ үстінде бір-бірімізді суретке түсіріп ойнап кеттік. Кім-кімді көбірек түсіреді деп бәстескенбіз. Күні бойы жарысып, мен жеңіліп қалдым. Бір қорап Rafaello әкеп бергенім есімде.
Саян менен екі есе ауыр, ал бойы 196, менен жарты метрге ұзын болғандықтан универде группаластарымыз бізді «Маша и медведь» деп атап кетті
Саян менен екі есе ауыр, ал бойы 196, менен жарты метрге ұзын болғандықтан универде группаластарымыз бізді «Маша и медведь» деп атап кетті. Нағыз қазақтың салт-дәстүрлерін ұстанатын отбасым Саянға тұрмысқа шығуымды қалаған жоқ. Әсіресе әкем «Басқа адам табылмады ма?» деп дүрсе қоя берді. Тіпті, үйленгеннен соң да ол біраз қарсы болып жүрді. Бірақ ешқандай стереотип пен қарсылық біздің қосылуымызға кедергі болмады.
Қазір екі баламыз бар. Ересек болсақ та Саян маған әлі күнге дейін қамқорлық танытып, мені баладай көреді. «Жылы киініп жүр» деп әрқашан алаңдайды. Оның осы жанашыр, қамқор қасиетін жақсы көремін.
Махаббат дінге қарамайды
Ғайни Әлжанова
2017 жылы мен университеттегі танысым арқылы лаундж-барға SMM-менеджер болып қосымша жұмысқа кірдім. Артур сол бардың иелерінің бірі еді. 5 наурызда қыздармен қалаға шығып, сергіп қайтқымыз келген. Неге екенін білмеймін, жұмыс істеп жүрген барға барып, көңіл көтеруді ұйғардық. Сол кезде Артурды көріп, оған көңілім ауды. Осылайша әр кеш достарымызбен жиналып, көңіл көтеріп, таңға дейін мафия ойнайтынбыз. Кейін көп әңгімелесіп, жаңа ортақ дос тауып жақындасып кеттік. 12 наурызда ресми түрде жұп болып, жүре бастадық.
Бір жылдан кейін университетті аяқтадым. Артур екеуіміз үйленуді ұйғардық. Ата-анам оның ұлтының корей не дінінің христиан екеніне емес, біріншіден шымкенттік болғанына уайымдаған. Бұл да халықтың арасында кең тараған стереотип қой. Содан кейін ғана атамның «Қазақ табылмады ма?» деп күлгені есімде.
Оның қасында достарымның тарапынан «неге христианды таңдадың?», «сонда ол сүндеттелмеген бе?», «балаларың кім болады: мұсылман ба, христиан ба?» деген сұрақтарды жиі еститінмін
Ата-анам мен туған-туысқандарым — қазақ, бәрі мұсылман дінін ұстанады. Бірақ болашақ жарымның христиан болғанына ешқандай қарсылық танытқан жоқ. Оның қасында достарымның тарапынан «неге христианды таңдадың?», «сонда ол сүндеттелмеген бе?», «балаларың кім болады: мұсылман ба, христиан ба?» деген сұрақтарды жиі еститінмін. Мұның астарында дінге бөлінудің жатқанын түсіндім. Бірақ Артур да, мен де көпшіліктің айтқан сөзіне құлақ аса бермейміз. Сол себепті біздің шаңырақ көтеруімізге ешқандай кедергі болмады.
Мен адамның ішкі жан дүниесін бағалаймын. Діндар емеспін, бірақ мұсылмандықты ұстанамын. Ешкімді ренжітпеуге, күнә жасамауға, барлық дінді құрметтеуге тырысамын. Мұсылмандық мейрамдарда шелпек пісіріп, құран оқып, көршілерге таратамын. Бір Алланың бар екеніне сенемін, ораза тұтып, садақа беремін. Намазға жығылуға әлі дайын емеспін. Дайын болған кезде күйеуімнің мені міндетті түрде қолдайтынын білемін.
Барлық діннің мақсаты бір: жаратқанға сыйыну, күнә жасамау, біреудің ала жібін аттамау, жақсылық жасау, таза ниетті болу. Сондықтан екеуіміздің бұл жерде көзқарасымыз сәйкес келгендіктен оның христиан болғаны маған ешқандай қиындық тудырмады.
Ұлымызды шіркеуде шоқындырдық. Төркінім «Өздеріңнің балаларың, не істесеңдер де өздерің біліңдер» — деді. Алдағы уақытта ұлымызды сүндетке отырғызамыз. Бұл рәсім бізге, ең алдымен, тазалық үшін маңызды. Мұның бәрі екі жақтан баланы екітүрлі дінге тартқанымыз емес. Болашақта ол қай дінді ұстанатынын өзі шешеді. Сондықтан көбінің «Сенің балаң христиан және мұсылман бола ма?» деген сұрақтарын орынсыз деп есептеймін.
Артур Ли
Біз үйде адами қасиеттерді басты орынға қоямыз. Мен де, Ғайни де дінге не дәстүрге қатты берік емеспіз, бірақ екі жақтың бар жоралғысын істеуге тырысамыз. Ұлымызды қазақтың дәстүріне сай қырқынан шығардық, тұсауын кестік. Бір жасқа толуын корейлердің салтымен тойладық. Ата-анам оған қарсы емес. Олар маған еркін болуды, басқаның таңдауын құрметтеп, үнемі өздігімнен шешім қабылдауды үйретті. Мен де балаларыма болашақта сондай тәрбие бергім келеді. Адамды қандай да бір ерекшелігіне қарамастан бөліп-жармай, бәріне әділ болғанын, өзінің діні мен өмір салтын өздерінің таңдағанын қалаймын.
Ұлымызды қазақтың дәстүріне сай қырқынан шығардық, тұсауын кестік
Ғайнидің бойындағы да бұл қасиет ұнайды. Кім не айтса да, мән бермейміз. Жұрттың пікірі бізге маңызды емес. Екеуіміздің ойымыз бір жерден шықса болғаны. Оның үстіне әйелімнің бойынан отбасылық өмірге жауаптылық, балаға деген сүйіспеншілік, адалдық сияқты қасиеттің бәрін таптым.
Жеке кәсіппен айналысқан кезде, қолымдағы барымды жоғалтқан шақтарда оның үнемі қасымнан табылғаны қуантатын. Ғайни — мен үшін, ең алдымен, мұсылман не қазақ емес, ол мені қолдап, сенімін білдіріп, көмек көрсететін жан.